Оралда пәтерде тарақанға қарсы у себілген: санэпидемиологтар түсінік берді

ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда пәтерде тарақанға қарсы у себілгеннен кейін бес адамның ауруханаға жеткізілуіне байланысты санэпидемиологтар түсінік берді. 

түсінік берді
Фото: Kazinform

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, адамдардың белгісіз химиялық заттарман улануы туралы 22 қаңтар күні сағат 11.00-де шұғыл хабарлама түскен.

Зардап шеккендер арасындағы сауалнамаға сәйкес бұған меншік иесінің пәтердегі тарақандарды жою үшін өз бетінше өңдеуі себеп болған.

«Орал қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары атмосфералық ауаға зертханалық зерттеу жүргізді, нәтижелері кейін белгілі болады. Күні бүгін зардап шеккендердің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды және амбулаториялық бақылау жүргізілуде. Адамдардың бұлайша химиялық заттармен топ болып улануы өңірде биыл бірінші рет тіркеліп отыр. Мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу, сондай-ақ халықтың денсаулығын сақтау мақсатында пәтерлерде дезинсекция, дератизация және дезинфекция шараларын өздігінше жүргізбеу сұралады. Бұл үшін арнайы жабдықтары мен жеке қорғаныс құралдары бар мамандандырылған ұйымдарға жүгінген жөн. Пәтерді өңдеуден бұрын көршілес пәтерлердің тұрғындарына уақыты, қауіпсіздік шараларын сақтау туралы хабарлау қажет. Сонымен қатар пәтерді өңдеу кезінде қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат дезинсекция, дератизация және дезинфекцияға арналған құралдарда көрсетіледі. Сондықтан сатып алмас бұрын және қолданар алдында сатушыдан олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұрап, осы құралдардың қаптамасының таңбалануына назар аударған жөн. Қазіргі уақытта халық арасында осындай оқиғалардың алдын алу бойынша санитарлық-ағарту жұмыстары күшейтілді», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда пәтерде тарақанға қарсы у себілгеннен кейін 5 адамның ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.