Оралда пәтерден алтын бұйымдар жымқырған ұрылар ұсталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда пәтер ұрылары ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бірінші оқиға 20 желтоқсан күні Х.Доспанова көшесінде тіркелген.
Сағат 09.00 мен 19.30 аралығында 1975 жылғы екі қарақшы үйге терезе арқылы кіріп, алтын бұйымдар мен 30 мың Ресей рублін жымқырып кеткен. Үй иесіне 321,3 мың теңге шығын келтірілді.
Күдіктілер уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.
Тағы бір оқиға А.Матросов көшесінде 21 желтоқсан күні болды. Полиция қызметкерлерінің қырағылығы арқасында шамамен сағат 17.00-де 29 және 39 жастағы ер адамдар ұсталды.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы міндетін атқарушы Ерлан Омарбековтің айтуынша, тұрғын үйден ноутбук пен алтын бұйымдар ұрланған. Сондай-ақ оларды қарау кезінде күдіктілердің бірінен есірткіге тән исі бар сұр-жасыл түсті зат табылды.
Орал қаласы полиция басқармасының нақтылауынша, ұрылар басқа да заттарды үптеп кеткен. Мұның жалпы құны 150 мың теңгені құрады.
Күдіктілердің екеуі де – Орал қаласының тұрғыны. Олар пәтер ұрлығы және есірткі қылмысы үшін бұдан бұрын да бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Еш жерде жұмыс жасамайды.
Қазіргі кезде екі оқиға бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігіне (ұрлық) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, Орал қаласында жыл басынан бері 1625 ұрлық дерегі тіркелсе, соның 294-і – пәтер ұрлығы.
Бұдан бұрын 25 жастағы тұрғын да полицейлерден құтылмады. Ол 6-7 қараша күндері Н.Тілендиев көшесіндегі тұрғын үйдің терезесінен кіріп, 51 жастағы әйелге тиесілі 400 мың теңгені жымқырып кеткен. Бұл іс те тергелу үстінде.