Оралда полицейлерге пара бермек болған өзбекстандық ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда полицейлерге пара бермек болған өзбекстандық азамат ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда полицейлерге пара бермек болған өзбекстандық ұсталды

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 24 ақпан күні шамамен сағат 18.50-де Самара-Шымкент жолы бойындағы «Еуразия» кемпингі маңында болды.

Патрульдік автокөлік салонында 1991 жылғы өзбекстандық азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 590-бабы 7-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартпауды өтінген. Сол үшін патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Б.Сәлімов пен инспектор, полиция лейтенанты Б.Әбдіманапұлына 2 мың теңге пара бермек болған.

Анықталғанындай, «Лада Ларгус» автокөлігінің жүргізушісі сол күні сағат 18.30-да жол қозғалысы ережесі талаптарын (тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлікті айдау) бұзған. Соған сәйкес әкімшілік хаттама толтырылған.

Қазіргі кезде күдіктіге қатысты ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігіне (пара беру) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Оған міндетті түрде келу түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шарасы қолданылды.

Осылайша жыл басынан бері полицейлер парадан бас тартқан бесінші дерек тіркелді.