Оралда полиция қызметкері көлігімен велосипед мінген баланы қағып кетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 13 шілде күні шамамен сағат 19.15-те Орал қаласында БҚО мемлекеттік мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 1982 жылғы Ж. деген полицей-жүргізушісі «Шанс» автокөлігімен Құрманғазы көшесі 169-үйдің ауласынан шыға бергенде, «Гүлдер» дүкенінің жанында «Стелс» велосипедімен келе жатқан Мичурин орта мектебінің 8-сынып оқушысы, 2004 жылғы Александр есімді балаға жол бермей, қағып кеткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда полиция қызметкері көлігімен велосипед мінген баланы қағып кетті

Орал қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жол-көлік оқиғасы салдарынан жасөспірім облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілген. Оған «сол аяғы сынып, орнынан қозғалған» деген диагноз қойылған.

Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес жүргізуші ішімдік ішпеген.