Оралда полиция қызметкеріне пара бермек болған тұрғын ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда полиция қызметкеріне пара бермек болған тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда полиция қызметкеріне пара бермек болған тұрғын ұсталды

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 30 қаңтар күні орын алды.

Сағат 14.07-де «Виктория» қонақүйі жанында патрульдік автокөлік ішінде Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының взвод командирі, полиция аға лейтенанты Нұржан Ғумировқа 5 мың теңге пара бермек болған 1979 жылғы тұрғын қолға түсті. Ол ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 601-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылмас үшін мәселені осылайша шешпек болған.

Анықталғанындай, «FORD» автокөлігінің жүргізушісі Сырым Датұлы мен Жамбыл көшелерінің қиылысында жол ережесін бұзып, соған сәйкес 7953 теңге айыппұл төлеу жөнінде хаттама толтырылған.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігіне (пара беру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Күдіктіге шақыру бойынша міндетті түрде келу шарасы қолданылды.