Оралда полиция қоршауға алған мешіттен сөмке табылды
Орал қаласында полиция қоршауға алған мешіттен сөмке табылды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 1 қараша күні қала орталығында түске жақын болды.
"Сағат шамамен 12.30-да орталық базар маңындағы "Азиза" сауда үйі ауданында орналасқан мешіттен сөмке табылғаны жөнінде 102 нөміріне қоңырау шалынған. Жақын маңдағы полиция жасақтары дереу жіберіліп, сол аудан қоршауға алынды. Оқиға орнына БҚО полиция департаменті арнайы мамандары (саперлар) мен қызметтік иттері бар кинологтер келді. Тексеру барысында сөмкеде жеке заттар бар екендігі анықталды. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр", - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 85 жастағы кейуананы ұрып-соғып, тонап кеткенін жазған болатынбыз.
