Оралда Президент күніне орай озат студенттер марапатталды (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің акт залында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай дəстүрлі "Үздіктер мен белсенділер слеті - 2015" шарасы мәреге жетті.
Мерекелік жиында еліміз бен өңірдің қоғамдық-саяси және мәдени өміріне белсене араласып, үздік деңгейімен ерекшеленген 400-ге жуық студент марапатталды. Оларды университет ректоры Нұрлан Серғалиев құттықтап, ел келешегі білімді де саналы жастарға байланысты екендігін атап өтті. Сондықтан жас азаматтардың қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінде барынша белсенді болуы аса маңызды. Елбасының жаңа Жолдауында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап студенттер шәкіртақысы 25 пайызға өсетіні туралы айтылды. Өзгерістерден қорықпай, өміршең, серпінді жобаларды жүзеге асыру жолында тың идеясы мол, өмірге жаңаша көзқараспен қарайтын жастарымыз үшін бұл - үлкен қолдау.
Сөз алған жастың бірі, құрылыс мамандығы бойынша 4-курс студенті Олжас Сүлейменов өзінің дзюдодан спорт шебері, ҚР жастар құрамасының мүшесі екендігін жеткізіп, құрбыларын уақытты құр жібермей, дене шынықтырумен де ұдайы айналысуға шақырды. «Болашақ біз секілді белсенді, білімді, талантты жастардың қолында!» деді ол.
Шара соңы мерекелік концертке ұласты.