Оралда Президент күніне орай жаңа балабақша ашылды (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Президент күніне орай Орал қаласы Зачаган кентінде 360 орындық №50 «Заңғар» балабақшасы салтанатпен ашылды.
Жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес жаңа әлеуметтік нысандар салынуда. Ұлтаралық, дінаралық татулық, тұрақтылық тіні берік елімізде әркім өз ойлағанын жүзеге асыра алады. Береке-бірлік бар жерде табыс та мол. Соңғы жылдары Зачаган кентінде халық саны өсіп, жаңа мектеп, балабақша, спорт кешені, тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Соның бірі - осынау жаңа бөбекжай.
Өңір басшысы ғимаратты уақтылы да сапалы салған бас мердігер «Марасант» ЖШС бас директоры Аманжол Көнеевке ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, құрылысқа 654,260 млн. теңге жұмсалды.
Балабақша директоры Шынар Айтқалиеваның сөзіне қарағанда, іші-сырты бірдей жарқыраған ғимаратта жаттығу және музыка залдары, психолог, компьютерлік, көп тілді оқыту, медицина кабинеттері бар. Алдағы уақытта бейнелеу өнері, хореография, шахмат үйірмелерін ашу жоспарлануда.
Жалпы, Оралда 83 мектепке дейінгі ұйым болса, соның 49-ы - балабақша. Қалада мектепке дейінгі жастағы бүлдіршін саны - 38606. 1-6 жастағы балдырғандардың мектепке дейінгі ұйыммен қамтылуы 58,6 пайызды құраса, 3-6 жастағылардікі - 98,1 пайыз.