Оралда рақымшылыққа сәйкес бірінші сотталушы бостандыққа шықты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңына сәйкес Орал қаласындағы РУ-170/2 мекемесінен Андрей Портнов бостандыққа шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оралда рақымшылыққа сәйкес бірінші сотталушы бостандыққа шықты

БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандар арасында тәрбие жұмысы тобының бас маманы, әділет майоры Тимур Дүйсәлиевтің айтуынша, ҚР ҚК 200-бабы 1-бөліміне сәйкес 1 жыл 6 ай 28 күнге сотталған А.Портновқа рақымшылық жасау туралы іс Орал қалалық сотында 18 қаңтар күні қаралып, қанағаттандырылған болатын. Кеше қалалық сот қаулысы заңды күшіне енді. Осылайша А.Портнов - облыс бойынша рақымшылыққа сәйкес басына еркіндік алған бірінші адам.

Еске сала кетейік, аталмыш заңға сәйкес өңірде бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан 154 және пробация қызметі есебінде тұрған 614 адамға кешірім жасау көзделуде.