Оралда рақымшылыққа сәйкес түрмедегі адамды жазасынан босату жөнінде бірінші іс қаралды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңына сәйкес Орал қалалық сотында бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтеп жатқан адамға рақымшылық жасау туралы бірінші іс қаралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бас маманы міндетін атқарушы, әділет майоры Тимур Дүйсәлиевтің айтуынша, сот ҚР ҚК 200-бабы 1-бөліміне сәйкес 1 жыл 6 ай 28 күнге сотталып, Орал қаласындағы РУ-170/2 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Андрей Портновты босату туралы өтінішті қанағаттандырды.
Сондай-ақ сот қаулысымен ҚР ҚК 378-бабы 1-бөлігі, 380-бабы 1-бөлігі, 58-бабы 2-бөлігі, 60-бабына сәйкес бас бостандығы шектелген А.Мельников те жазадан босатылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, аталмыш заңға сәйкес облыста бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан 150 және пробация қызметі есебінде тұрған 610 адамға кешірім жасау көзделуде.