Оралда республикалық ақындар айтысының жеңімпаздары анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Жырлайды Жайық...» атты республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда республикалық ақындар айтысының жеңімпаздары анықталды

Өлкетанушы, жазушы-журналист, ақын Қайыржан Хасановтың 80 жылдығына арналған жыр додасын Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырды. Оған Қазақстан өңірлерінен барлығы 18 ақын қатысты.

Айтысты жүргізген белгілі ақын, халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман атап өткеніндей, сайысқа небір дүлдүлдер түгелге жуық келді. Олардың арасында «Алтын домбыра» айтысының бірнеше жеңімпазы бар.


«Қаратөбе – талай алыптар дүниеге келген қасиетті мекен. Үш жүзге ән оздырған сал Мұхит, атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиев, композитор Ескендір Хасанғалиевті атаса да, жеткілікті. Міне, сондай қасиетті топырақта туған Қайыржан Хасановтың өмір бойы өлке деректерін жинап, қағазға түсіріп, қаттап кетуі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен үлгі», деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.


«Бұл жолғы айтыстың жөні бөлек. Осы сапарымызда өлкетанушы, шежіреші, ақын, журналист Қайыржан Хасановтың құрметіне туған жері – Қаратөбе ауданында заманауи қалыпта салынған «Алаш және Қайыржан Хасанов» атты тарихи-өлкетану музейін көрдік. Өлкетанушының ұлдары Ержан мен Нұржан Хасанов 100 млн теңгеге сол музейді салып, ел игілігіне тегін берсе, бүгінгі айтысқа да демеуші болып отыр. Қайыржан Хасановтай қарапайым адамның тұтас бір институттың жұмысын атқарып, елдің тарихын «Алаш» қозғалысы жөнінде тың деректермен толықтырып, қаншама еңбек қалдырғанына тәнті болдық», деді Ж.Ерман.


Сайыс қорытындысында қазылар алқасының шешімімен түркістандық Бекарыс Шойбеков бас жүлдені (1,5 млн теңге) жеңіп алса, бірінші жүлде (1 млн теңге) батысқазақстандық Талғат Мықиға бұйырды.

Сондай-ақ батысқазақстандық Райымбек Өтепов, қызылордалық Мұхтар Ниязов, алматылық Шұғайып Сезімхан екінші (600 мың теңгеден), алматылық Рүстем Қайыртайұлы, қостанайлық Айбек Қалиев және ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев үшінші (500 мың теңгеден) орынға көтерілді.

Батысқазақстандық Жансая Мусина Қайыржан Хасанов атындағы сыйлықпен (1 млн теңге) марапатталды. Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен түркістандық Біржан Байтуов арнайы сыйлықты (450 мың теңгеден) еншіледі. Қалған ақындарға 400 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.


«Айтыс жоғары деңгейде өтті. Айтыс – қазақтың рухы, басқаларға көрсететін айбарымыз, сұсымыз. Қазақтың мықты деген ақындары Қайыржан Хасановқа өздерінің жылы сөздерін, шын сөздерін арнады, бұған осында жиналған ел риза болды. Қайыржан ағамыз Қаратөбе аудандық газетіне ұзақ уақыт бойы басшылық етіп қана қоймай, сөз ұстайтын шәкірт тәрбиеледі, көнекөз қариялардан сыр тартып, өлке шежіресін жинақтай білді. Өзінің атасы Төлеген Иманғазиев заманында көзі ашық Алаш қайраткерлерінің бірі болды. Сол үшін өткен ғасырдың отызыншы жылдарының зобалаңына ұшырап, атылып кетті.

Қайыржан Хасановтың сол Алаш арыстарын жарыққа шығару жолында аянбай еңбек етуі де қанмен берілсе керек», - деді қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов.

Бір айта кететін жайт, билет сатудан түскен қаражат Қостанай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындар қорына аударылады.

Қайыржан Хасановтың 80 жылдығына арналған іс-шаралар туған жері – Қаратөбе ауданында да ұйымдастырылды.





Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ