Оралда сәбиін тастап кеткен әйелге қатысты үкім шығарылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда сәбиін құрылыс нысанында тастап кеткен 21 жастағы әйелге қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда сәбиін тастап кеткен әйелге қатысты үкім шығарылды

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Орал қалалық соты оны ҚР ҚК 119-бабы 1-бөлігіне (қауіпті жағдайда қалдыру) сәйкес айыпты деп таныды. Қылмыстық құқықбұзушылыққа барған әйелді 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жөнінде жаза кесілді.

Қазіргі кезде сәби балалар үйінде тәрбиеленуде. Оның тағдыры қамқоршылық және қорғаншылық органының қорытындысына сәйкес шешілетін болады. Жасаған әрекетіне өкінген анасы шақалақты өзінің бауырына басқысы келетінін мәлімдеген еді.

Еске сала кетейік, 26 маусым күні кешкісін 4-шағынаудандағы № 24 орта мектеп ғимараты жанында салынып жатқан коттеджден дүниеге келгеніне шамамен екі аптадай болған сәби табылған еді. Кейін шақалақты 21 жастағы анасының тастап кеткені анықталған болатын.