Оралда самбодан ҚР ІІМ чемпионаты мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда құқық қорғау органдары, мамандандырылған күзет қызметі бөліністері командалары, арнайы және күш құрылымдары қызметкерлерінің арасында самбодан ҚР Ішкі істер министрлігінің чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда самбодан ҚР ІІМ чемпионаты мәреге жетті

БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, негізінен ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметі бөліністері жеке құрамының дене даярлығын жетілдіру, қызметкерлерді спортты серік етіп, салауатты өмір салтын ұстануға насихаттауды мақсат еткен жарысқа Астана, Алматы қалалары мен республика өңірлерінен барлығы 19 команда қатысып, сынға түсті.

Біріншілік қорытындысында жалпы есепте БҚО арнайы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы командасы жеңімпаз атанса, қызылордалықтар екінші, Алматы облысының өкілдері үшінші орынға ие болды.

Жекелей сында салмақ дәрежелері бойынша Сырым Мирманов (57 кг, БҚО), Асхат Тельманов (62 кг, Атырау), Дінмұхамед Ғабиденұлы (68 кг, Алматы облысы), Нұрболат Құлбеков (74 кг, ШҚО), Әмір Добай (82 кг, Жамбыл), Ғазиз Қонақов (90 кг, Астана), Қайрат Ғұмар (100 кг, БҚО), Исатай Қойшыбаев (100 кг жоғары, Алматы қаласы) чемпион атанды. Үздік техникасы үшін батысқазақстандық Қайрат Ғұмар мен астаналық Жұмабай Қоғабай арнайы сыйлыққа ие болды. Ал Қайсар Құсайынов пен Әсет Ғабдолов үздік төреші атанды.

Жеңімпаз-жүлдегерлер медаль, кубоктармен, диплом, ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.