Оралда самбодан республикалық турнир мәреге жетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейрамгүл Рахметованы еске алуға арналған 2004-2005 жылғы жасөспірімдер мен қыздар арасында ІV республикалық турнир мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәстүрлі жарысқа Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарымен қатар Ресейдің Соль-Илецк қаласынан (Орынбор) барлығы 200 спортшы қатысып, бақ сынады.
Турнир қорытындысында өз салмақ дәрежелері бойынша қыздар арасында Альмира Сисенбаева (34 кг, Ақжайық ауданы), Нұрбану Ниетоллаева (37 кг, Ақтөбе облысы), Әмина Ерболова (40 кг, Сырым ауданы), Энеля Батаева (43 кг, Тасқала ауданы), Шахноза Камалова (47 кг және 51 кг, Соль-Илецк), Аида Бекбосынова (55 кг, Ақтөбе), Гүлжанат Болатова (59 кг, Атырау), Айдана Ахмет (65 кг, Ақжайық), Эвилина Бақтыгереева (+65 кг, Соль-Илецк) жеңімпаз атанды.
Сол секілді ұлдардан Нұрдәулет Құлов (35 ккг, Шыңғырлау), Талғат Кеңесов (38 кг, Сырым), Ержан Сейтқалиев (42 кг, Ақжайық), Бибарыс Әділжанов (46 кг, Атырау), Дарын Идеят (50 кг, Орал, жекпе-жек спорт мектебі), Диас Тельманов (54 кг, Сырым), Бекзат Бекмұхамбетов (59 кг, Орал, №4 БЖСМ), Сахиб Черкезли (65 кг, Орал, спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты), Асланбек Аниязбеков (71 кг, Ақжайық) және Нұрасыл Рысбаев (+71, Атырау) чемпиондық тұғырға көтерілді.
Жеңімпаз-жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен марапатталды.
Айта кетейік, 1986 жылы Ақсай қаласында дүниеге келген Мейрамгүл Рахметова 2002 жылдан бастап Оралдағы №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде әуелі дзюдомен айналысты. Кейін бапкері Тимур Есеевтің бастауымен самбоға ауысып, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарды. ҚР спорт шебері атанып, әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. Қаржыгер-экономист мамандығын меңгеріп, олимпиадалық резервті даярлау орталығында еңбек жолын есепші болып бастаған Мейрамгүл Қанатқызы небәрі 25 жасында өмірден озды.