Оралда сауда үйіндегі 50 шаршы метр бутик өртенді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда «Азиза» сауда үйінде өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті азаматтық қорғау саласында апат қаупін төмендету және бақылау басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, оқиға 4 қаңтар күні сағат 21.27-де Құрманғазы көшесі, 69-мекенжайда болған.
Аталмыш сауда үйінде бутик отқа оранды. Аумағы 50 шаршы метрді құраған өрт 32 адам, 10 техниканың күшімен сағат 22.26-да оқшауланып, сағат 22.43-те сөндірілді.
Өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталуда.
«Зардап шеккендер жоқ. Өрт шыққан кезде автоматты қондырғы белгі берді. Соның нәтижесінде оттың кең жайылуына жол берілген жоқ. Оқиға орнында жылжымалы өрт сынақ зертханасы жұмыс жасауда», деді ҚазАқпарат тілшісіне Е.Төрегелдиев.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында өртке қарсы шараларды орындамағаны үшін Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотымен «Азиза» сауда үйі басшылығына 100 АЕК көлемінде айыппұл салынған болатын.