Оралда шағын футболдан полковник К.Махамбетовті еске алуға арналған жарыс мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Ақжайық» футбол клубының стадионында милиция полковнигі Карл Махамбетовті еске алуға арналған шағын футболдан жарыс мәреге жетті.

Оралда шағын футболдан полковник К.Махамбетовті еске алуға арналған жарыс мәреге жетті

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Карл Махамбетов өмір бойы спорттың футбол, волейбол, баскетбол сынды түрлерімен айналысты. Студент кезінде-ақ институт құрамасында ойнаған кейін Оралдағы «Динамо» футбол клубына алынды. Сақшылар сапында қызмет еткен ол лейтенанттан милиция полковнигіне дейінгі жолдан өтті.  Қызметінің соңғы он жылында департаменттің қоғамдық тәртіпті сақтау басқармасын басқарды. Зейнетке шыққаннан кейін «Динамо» футбол клубын жаттықтырды, оның құрамында ішкі істер ғана емес, ұлттық қауіпсіздік және төтенше жағдайлар органдарының да қызметкерлері болды.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі жарысқа құқық қорғау органдарынан барлығы 10 команда қатысып, бақ сынады. Турнир қорытындысында ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қарасты 2029-әскери бөлімінің командасы жеңімпаз атанса, ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті екінші, БҚО ТЖ департаменті үшінші орынды иеленді. Жеңімпаз-жүлдегерлер кубок, медальдармен, грамота, бағалы сыйлықтармен марапатталды.