Оралда шекарашыларға арналған FC-19 жүрдек катері суға түсірілді

Салтанатты рәсімге қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, аталмыш зауыттан жыл сайын кеме шығару игі дәстүрге айналды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр ішінде 25 кеме шығарылса, биыл олардың қатарына тағы екеуі қосылды. Мұның бірі су ығыстырылымы 250 тонналық кеме болса, бүгінгі жүрдек катер (27 тонналық) сағатына шамамен 100 шақырымдай жүзе алады. Осының бәрі Елбасының тапсырмасына сәйкес қолға алынған үдемелі индустрияландыру және инновациялық даму бағдарламасы аясында өндіріс орындарын жаңғырту бағытында жүзеге асырылуда.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің тапсырысына сәйкес «Зенит» зауыты FC-19 катерін де қазіргі заманғы барлық талаптарға сай жасап шығарды. Бұл еліміздің шекара қызметінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Енді ол арнайы сынақтан өткізілгеннен кейін Каспий теңізінде ел тыныштығын күзетуге септесетін болады.
Айта кетейік, жылдам жүзіп, тез бұрылатын аталмыш катер өзенге де кіре алады. Ол, әсіресе, заңсыз балық аулаумен айналысатын браконьерлермен күрес жүргізуде тиімді.