Оралда сорғы стансасында құбыр жарылып, екі жұмысшы кәріз суына батып кетті
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға бүгін Исатай-Махамбет көшесіндегі 2-кәріздік сорғы стансасында болды.
«Жедел жәрдем сағат 11.11-де шақырылды. Кәріздік сорғы стансасындағы жөндеу жұмыстары кезінде шахтада құбыр жарылған. Соның салдарынан «Батыс су арнасы» ЖШС-ның 1971 және 1982 жылғы жұмысшылары оқиға орнында көз жұмды», - деп хабарлады ведомстводан.
Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметі болған оқиғаны растап, қазіргі кезде тиісті органдардың жұмыстанып, қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатқанын жеткізді.
Қазіргі кезде 2-кәріздік сорғы стансасындағы апат салдарынан Орал қаласының орталық бөлігінде және Зачаган кентінде су жоқ. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір күнде жол апатынан үш адамның ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.