Оралда Сорочин жәрмеңкесі оныншы рет ұйымдастырылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында дәстүрлі Сорочин жәрмеңкесі өткізілді.

Оралда Сорочин жәрмеңкесі оныншы рет ұйымдастырылды

Украин халқының тамыры тереңге кеткен мерекесі Оралда 2007 жылдан бері тойланып келеді. Бұл жолы да азық-түлік өнімдері мен ұлттық тағамдар, қолөнер туындылары қойылып, Орал қаласы мен облыс аудандарынан келген этномәдени бірлестіктер өкілдері өз өнерлерін көрсетті. Концерт соңы халықтық серуендер мен түрлі ойындарға ұласты.

Жиналғандарды БҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ директоры Александр Әжіғалиев құттықтап, украин этномәдени бірлестігінің биыл аталмыш мерекені оныншы рет ұйымдастырып отырғанын айтып, ізгі тілегін білдірді.

«Бұдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында этномәдени бірлестіктер құрылып, жұмыс жасай бастады. Сөйтіп әр ұлт өкілдерінің өз мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрлерін сақтап, дамытуына мүмкіндік берілді. Украин этномәдени бірлестігі де «Берегиня» хоры құрылғаннан кейін өз мерекесін ұйымдастыруға бекінді. Жалпы, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы әр этномәдени бірлестіктің жыл сайын өз ұлттық мейрамын өткізуіне ұйытқы болды. Сондықтан біздің бірлестік Сорочин жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді. Бұл халықтық мейрам егін жиналып, күзгі жиын-терін біткеннен кейін тойланады. Айта кетейік, облыста 11 мыңдай украин ұлтының өкілдері тұрады, саны жөнінен қазақтар мен орыстардан кейін үшінші орында. Республикада украин тілінде газет шығады, басқа да шаралар ұдайы өтуде. Мұның бәрі де - елдегі бірлік пен келісімнің арқасы», деді «Еднання» украин ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Виктор Тарасенко. 

null null