Оралда сотталғандарға 2,7 млн. теңге қосымша ақы төленбегендігі анықталды

ОРАЛ. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Облыс прокуратурасы «Еңбек» РМК «Еңбек-Орал» Батыс Қазақстан филиалында еңбек заңнамасының тұрақты түрде бұзылып отырғандығын анықтады.

Оралда сотталғандарға 2,7 млн. теңге қосымша ақы төленбегендігі анықталды

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, филиал әкімшілігі Еңбек кодексі 134-бабы 1-бөлімін бұза отырып, 38 жазасын өтеушінің биылғы қыркүйек айындағы жалақысын кешіктіріп, 11 және 24 қазанда ғана төлеген. Сонымен қатар 2011-2013 жылдары 33 сотталған адамға жұмыс уақытынан тыс және түнгі мезгілде, мереке және демалыс күндері үшін 2,7 млн. теңге көлемінде қосымша ақы төлеу «ұмыт қалған». Облыс прокуратурасының ұйғарымына сәйкес 3 жазасын өтеушіге 76,5 мың теңге қосымша ақы төленді, ал мерзімін өтеп шыққан қалған 30-ына қосымша ақысын қайта есептеу туралы хабарлама жолданды.

«Еңбек-Орал» РМК БҚОФ директорының бұйрығымен кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

БҚО бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторының қаулысымен еңбек заңнамасын бұзғаны үшін «Еңбек» РМК мен «Еңбек-Орал» РМК БҚОФ директоры Р.Шоңаевқа ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 87-бабына сәйкес тиісінше 259650 теңге және 8655 теңге көлемінде айыппұл салынды.