Оралда студенттік театрлар Алаш қайраткерлерінің бейнесін сахналады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында жоғары оқу орындары студенттері арасында мәдени-тынығу жұмысы мамандығы бойынша ІХ республикалық пәндік олимпиада өтуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

 Оралда студенттік театрлар Алаш қайраткерлерінің бейнесін сахналады

Студенттік театрлар фестиваліне М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің командалары қатысуда. Өткен жылы осындай додада бірінші орынды иеленген М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттік театры осы фестивальді ұйымдастыру құрметіне ие болған-ды. Олар бұл жолы конкурстан тыс өнер көрсетуде.

Командалар бірінші турда тест тапсырып, теориялық білім деңгейлерінің қандай екендігін танытса, екінші кезеңде Алашорданың 100 жылдығына орай «Алаш - алтын бастау» тақырыбында шығармашылық жұмыстарын ортаға салды.

null 

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың мәдениет және өнер факультетінің деканы Мейрам Исатаевтың айтуынша, биыл аталмыш ЖОО-ның отау тіккеніне 85 жыл толмақ. Еліміздегі ең байырғы оқу орындарының бірінен саналатын БҚМУ 1991  жылдан бері мәдениет және өнер мамандықтары бойынша мұғалімдер даярлайтын Батыс өңірдегі бірден-бір университет болып табылады. Жыл сайын БҚМУ студенттері халықаралық, республикалық олимпиада, байқауларға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мысалы, 2016 жылы республикалық пәндік олимпиадаларға 17 команда барып, соның 9-ы жүлделі орындармен оралды.

«Шығармашылық сайыс Алашорда қозғалысының 100 жылдығына арналғандықтан, студенттік театрлар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сынды біртуар Алаш қайраткерлерінің бейнесін сәтті шығара білді. Соның ішінде БҚМУ театры Батыс Алашорданы басқарған Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовтерге қоса Бөкей хандығынан түлеп ұшқан арыстардың есімдерін жаңғыртып, тындырған істерін жария етті. Мұндай тарихи әрі елдік мәні зор қойылымдар залды толтырған жастарға ерекше әсер етті. Келесі фестиваль осы жолы жеңімпаз атанған университетте өтеді», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне М.Исатаев.

null