Оралда су қоймасында қайық аударылып, жас жігіт көз жұмды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында су қоймасында қайық аударылып, жас жігіт көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда су қоймасында қайық аударылып, жас жігіт көз жұмды

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 6 тамыз күні Желаев кентінде «Арна» демалыс аймағында болған.

«Карьер» су қоймасында 6 тамыз күні сағат 19.15-тен бастап жас жігітті іздестіру жұмыстары жүргізілді. Ол қайықпен серуендеу кезінде суға батып кеткен. Достарымен бірге демалған жігіт ішімдік ішпеген. Іздестіру жұмыстары 7 тамыз күні таңғы сағат 07.00-де қайта жалғасты. 20 жастағы жігіттің денесі сағат 09.12-де табылып, судан шығарылды», - деп хабарлады ведомстводан.

Осылайша, демалыс күндері өңірде 5 адам суға кетсе, соның үшеуі – жасөспірім.

Облыста аптап ыстықтың жалғасуына байланысты БҚО ТЖ департаменті тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтап, балаларды қараусыз қалдырмау керегін еске салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тағы 2 жасөспірімнің суға батып кеткенін жазған болатынбыз.