Оралда суретші, композитор Қуандық Мәдірдің шығармашылық кеші өтті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстан суретшілері және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, ҚР мәдениет саласының үздігі, суретші-композитор Қуандық Мәдірдің «Жүрегім - сезім айлағы...» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оралда суретші, композитор Қуандық Мәдірдің шығармашылық кеші өтті

Кеш барысында Қуандық Мәдір көрермендер сауалдарына жауап бере отырып, өзінің өмірдегі және өнердегі жолы, ұстаздары мен шәкірттері, табыс-жетістіктері туралы сыр шертті. 1965 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданында қазақтың ұлы ақындарының бірі Жұмекен туған топырақта дүниеге келген Қуандық 1990 жылы Орал педагогикалық институтының (қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті) көркемсурет-графика факультетін бітіргеннен кейін ширек ғасыр бойы осы оқу орнында ұстаздық етіп келеді. Тоқсаныншы жылдардың басында ән жазуды бастаған ол бойындағы бірнеше өнерді қатар алып жүр. 1997 жылы құрылған «Өнер» қоғамдық қорына жетекшілік ететін Қуандық Мәдір ән жазып, сурет салумен айналысып қана қоймай, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуды дағдыға айналдырған. Әсіресе, Қазақстанның батыс аймағы мен Ресейдің көршілес облыстарында тұратын суретшілердің басын қосып, бірнеше рет халықаралық байқау ұйымдастырды. Батыс Қазақстан облысы суретшілерінің «Жазира Жайық» атты тұңғыш альбомын құрастырып, баспадан шығарды.


Қуандық Мәдірдің әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Марат Сарбөпеев, Еркін Өтегенов және басқалар әуелете шырқады. Елге белгілі әдебиетші-ғалым Серікқали Шарабасовқа арналған «Жайықта Шарабасов біреу ғана» атты жаңа әні алғаш рет орындалды. Сондай-ақ автор өзінің өлеңдерін де оқып берді.


Кеште көп жыл облыстық қазақ драма театрын басқарған еңбек ардагері Құжырғали Төлеуішев, «Еділ-Жайық қазақтары» қауымдастығының төрағасы Аманжол Зинуллин, М.Өтемісов атындағы БҚМУ мәдениет және өнер факультетінің деканы Мейрам Исатаев және басқалар Қ.Мәдірдің сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі екендігіне тоқталып, алдағы уақытта да табыс биігіне көтеріле беруіне тілектестігін білдірді.


Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолла «Қадыр жолымен...» атты жоба аясында ақын-жазушылармен, өнер қайраткерлерімен кездесулердің жаңа жылда да жалғасатынын жеткізіп, Қ.Мәдірге облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың алғыс хатын табыс етті.