Оралда сыныптастарынан әлімжеттік көрген оқушы мәселесі қаралуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда оқушының сыныптастарынан әлімжеттік көру оқиғасы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Оралға қарасты Круглоозерный кентінде болған.

Баланың анасы Алтын Ахмедиярованың айтуынша, Круглоозерный орта мектебінде оқитын ұлына сыныптастары ұзақ уақыт бойы әлімжеттік көрсетіп келген.

Ақша сұрау мәселесі 2018 жылы басталып, бастапқыда балаларының қатысуымен әкелер жиналысы болып, өзара келісіп, оны жауып тастаған.

Бір топ бала ұлынан үнемі ақша алып, жоқ болса, соққыға жығып отырған.

Кейін сыныптастары келіп, баласының ақшасын қайтаратынын айтып, анасына полицияға арыз жазбауын өтінген.

«Жерге түсіп кеткен күртемді алып бер дейді біреуі. Менің балам оны түсірген мен емес, алып бермеймін деп жауап берген. Тазалап бер деп те талап қойған. Сабақтан кейін екі бала мұны дүкен жанынан күтіп алып, біреуі соққыға жығып, төрт қабырғасын сындырған. Ең сорақысы, баламды біреу малға теңеп, сатылады деп суретін әлеуметтік желіге жүктеген. Қазір сол мектеп оқушылары бірінен бірі көріп, таба алмай жатыр. Менің талабым – мұның да кім екенін анықтап, жазаласын деймін, сөйтіп бұл оқиға басқаларға сабақ болсын», - деді А.Ахмедиярова.

БҚО полиция департаментінде өткен брифингте Шаған полиция бөлімінің бастығы Тимур Айтуғановтың мәлім еткеніндей, өткен жылғы қыркүйекте бір сыныпта оқитын 2004 және 2003 жылғы балалар дүкен жанында сөзге келіп, төбелесіп қалған.

Соның салдарынан 2004 жылғы жасөспірімнің қабырғалары сынып, орта дәрежедегі дене жарақатын алған. Соған байланысты баланың анасы Шаған полиция бөліміне жүгінген. Қазіргі кезде ҚР ҚК 107-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Бірнеше сараптама тағайындалды.

Екінші оқиға бойынша баланың анасы 27 қаңтар күні арызданған. ҚР ҚК 274-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Баланың суретін әлеуметтік желіге кім салғаны жөнінде жедел анықтау жұмыстары жүргізілуде.

БҚО білім басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталған мәселе мектеп директоры жанындағы кеңесте ата-аналар мен оқушылар, ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен қаралды.

Сынып жетекшісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатысты тәртіптік шаралар алынды.


Соңғы жаңалықтар