12:36, 31 Наурыз 2021 | GMT +5
Оралда табиғи газдан уланған 6 адам ауруханаға түсті
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда табиғи газдан уланған 6 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 31 наурыз күні таңмен Мәскеу көшесі 43-мекенжайында болды.
Сағат 09.24-те жедел жәрдем шақырылып, бригада 5 минуттан кейін жетті.
39 жастағы әйел 11 жасар қызы, 5 жасар және бір жасқа толмаған ұлдарымен орта дәрежелі табиғи газдан уланған. Балалар анасымен бірге облыстық көпбейінді балалар ауруханасына апарылды.
Сондай-ақ орта дәрежелі табиғи газдан уланған 65 жастағы ер және 64 жастағы әйел адам қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.