Оралда тағы бір апатты тұрғын үй бұзылып жатыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында тағы бір апатты тұрғын үйді бұзу жұмыстары басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда тағы бір апатты тұрғын үй бұзылып жатыр

Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде бұзылып жатқан Ғ.Құрманғалиев көшесі, 3-үй тұрғындары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы бағдарламаға қатысып, жаңадан салынған көп қабатты үйге көшірілді. Апатты мекеннің орнына «Орал Полимер» ЖШС жаңадан бес қабатты үйді тұрғызады. Инженерлік желілерді тарту және абаттандыру жұмыстары мемлекет есебінен жүргізіледі.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, өңірде апатты және әбден тозған үйлер саны 200-ден асады. Соның 43-і - апатты үйлер. Соңғы үш жылда 7 үй бұзылып, 4 үй жаңадан салынды. Деповская көшесіндегі 90 пәтерлік алғашқы үй өткен жылы күзде пайдалануға берілді. Қалған үш үй құрылысы биыл мәреге жетеді.