Оралда тағы бір мектеп қайта салынбақ
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында №31 мектеп ғимараты қайта салынбақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Облыстық құрылыс басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, апатты жағдайдағы мектеп үйі сүріліп тасталып, орнына 400 орындық жаңа ғимарат салынбақшы. Қазіргі кезде оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасау үшін облыстық бюджеттен 18 млн теңге бөлінді. Жаңа мектеп құрылысы 2019 жылы басталмақшы.
Қазір білім ордасында 400-дей бала оқиды. Олар жаңа ғимарат салынған кезде басқа мектепте білім ала тұратын болады.
Оралда бұдан бұрын апатты жағдайдағы №4 орта мектеп ғимараты сүріліп тасталып, орнына жаңасы салынып, өткен жыл соңында пайдалануға берілген болатын. №4 жалпы орта және қосымша білім беру мектеп-орталығының директоры Мәулен Ділмағамбетовтің сөзіне қарағанда, 8 қаңтар күні балалар үшінші тоқсанды жаңа ғимаратта бастайды. Мұнда 333 оқушы білім алады.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 4 жаңа мектеп құрылысы мәреге жетпекші.