Оралда таксиске шабуыл жасағандар сотталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда таксиске қарақшылық шабуыл жасағандар сотталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. 

Оралда таксиске шабуыл жасағандар сотталды

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Дархан Әбдірахманов өзінің ауылдас досы Дамир Сейтқалиевпен бірге мас күйінде өзгенің автокөлігін тартып алуға сөз байласқан. Сол мақсатпен Пугачев көшесі бойында жолаушылар тасымалдаумен айналысып жүрген М.Таниевтің «Лада Приора» автокөлігін тоқтатқан. Айтылған мекенжайға келгеннен кейін аулада ешкімнің жоқтығын көрген Д.Сейтқалиев автокөліктің алдында отырған М.Таниевтің мойнының оң жағынан асүй пышағымен ұрған. Таксист қашпақшы болғанымен, Д.Әбдірахманов оны күшпен ұстап, Д.Сейтқалиевтің бірнеше рет пышақ жұмсауына мүмкіндік берген. Үстіндегі киімін шешіп, М.Таниев әупірімдеп қашып құтылады.

Қылмыстық іс-әрекетін аяғына дейін жеткізу үшін Д.Сейтқалиев пен Д.Әбдірахманов М.Таниевтің автокөлігімен Зачаган кентіне келген. М.Таниевке тиесілі 50 мың теңгесі мен «Самсунг С-6» ұялы телефонын жымқырып, оған 350 мың теңге шығын келтірген. Содан кейін екеуі бой тасалаған.
Сот отырысында Д.Сейтқалиев пен Д.Әбдірахманов өз кінәларын толықтай мойындады.

Орал қалалық сотының үкімімен аталған екеу ҚР ҚК 200-бабы 4-бөлігі, 188-бабы 2-бөлігі 1-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, ҚК 58-бабы 3-бөлігі негізінде әрқайсысы алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орта қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, Оралда таксиске қарақшылық шабуыл жасағандардың ұсталғанын бұдан бұрын жазған болатынбыз.