Оралда танысын пышақтап өлтірген әйел 11 жылға сотталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батық Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты танысын пышақтап өлтірген әйелге үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Асылзада Мерғалиева ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.
Аталмыш соттан түскен мәліметке қарағанда, 25 шілде күні А.Мерғалиева Орал қаласы Жамбыл көшесі, 217, 1-пәтердегі өз үйінде таныстары А.Құтымбаев және А.Әбілхатинамен арақ ішкен.
Сағат шамамен 16.00-де дүкеннен оралған А.Мерғалиева А.Әбілхатинаның жуыну бөлмесінде жуынып жатқанын көреді. Бұл мезгілде А.Құтымбаев басқа бөлмеде ұйықтап жатқан. А.Мерғалиева А.Әбілхатинаға өзінің үйінде қожайындық құрмау керектігін айтады. Танысы мұны балағаттай бастайды. Оған жауап ретінде Мерғалиева сөреден пышақ алып, Әбілхатинаның арқа тұсына сұғады. Соның салдарынан Әбілхатина оқиға орнында көз жұмған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.