Оралда тапаншамен жүрген ер адам қолға түсті

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 26 наурыз күні сағат 17.50 шамасында болды.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің құрамында топ басшысы, сержант Еламан Аманғұлов, қатардағы жауынгер Айбат Жеңіс бар жасағы
Гагарин көшесі бойында күдікті адамды байқап қалған. Тәртіп сақшыларын көрген ер адам күртік қарға рюкзакты лақтырған. Сосын бой тасалап кетпек болған. Жедел іс- әрекеттер нәтижесінде күдікті ұсталды.
Оқиға орнына жеткен әскери жасақтар бойынша кезекші, лейтенант Нұрсұлтан Жүсіпов кинолог, сержант Рүстем Оспановпен бірге «Арго» есімді иісшіл иттің көмегімен сол аумақты қарау жөнінде шешім қабылдаған. Ит көп ұзамай-ақ қара түсті рюкзакты тапты. Куәлардың қатысуымен қараған кезде рюкзактың ішінен белгі беретін тапанша және алты резеңке оқ-дәрі салынған қорап шықты.
Ер адамға қарудың неге керек болғандығын тергеу орындары анықтайтын болады. 47 жастағы тұрғын одан әрі анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді.
Қырағылық көрсеткені үшін аталған топ бөлім командирімен ынталандырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда заңсыз дәрі-дәрмек сатқан ерлі-зайыптылардың ұсталғанын жазған болатынбыз.