Оралда Тәуелсіздік күні қарсаңында 12 жаңа автобус жолға шықты
Орал қаласында қоғамдық көлік қатары 12 жаңа автобуспен толықты, деп хабарлайды Kazinform.

Бұлардың алтауы – «Yutong» маркалы үлкен класты автобустар. Қалғаны – «Вектор Next» автобустары.
Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, жаңа автобустарды екі тасымалдаушы компания — «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС және «Алый парус» ЖШС сатып алған. Олар №2, 3, 4 және 14 маршруттар бойынша жолаушыларды тасымалдайды.
Орал шаһары жыл сайын жаңа автобустармен толығуда. Бұл жұмыстар жол ақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізудің және әлеуметтік маңызы бар маршруттарда тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялаудың арқасында мүмкін болып отыр.
Жаңа қоғамдық көліктерді тапсыру рәсіміне Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қатысты. Шаһар басшысы оралдықтарды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, жаңа автобус кілттерін жүргізушілерге табыс етті.
Қала басшысы мұндай жұмыстар жаңа жылда жалғасатынын, тұрғындар жиі шағым айтатын №7 секілді бағыттарға да жаңа автобустар сатып алу көзделіп отырғанын жеткізді.
Желіге қосылған «Yutong» маркалы жаңа автобустар мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсетуге бейімделген, кондиционермен, күшейтілген жылыту жүйесімен және бейнекамерамен жабдықталған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қоғамдық көліктерде жолақы бағасы көтерілетінін жазған болатынбыз.