Оралда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқандарды еске алуға арналған турнир өтті

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгерді еске алуға арналған волейболдан дәстүрлі турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқандарды еске алуға арналған турнир өтті

ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығы мен БҚО бойынша тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдар қатысушыларының одағы ұйымдастырған жарысқа барлығы алты команда қатысып, бақ сынады.

Қатысушыларға «Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Павел Ситников, БҚО бойынша тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдар қатысушылары одағының төрағасы Дәрібек Сүлейменов, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, доғарыстағы подполковник Бақытжан Бердиев сәттілік тілеп, тәжік-ауған шекарасында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
null

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, турнир қорытындысында тәжік-ауған шекарасында әскери іс-қимылдар ардагерлерінің «КАЗБАТ» командасы жеңімпаз атанды. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті әскери кафедрасының волейболшылары екінші, 5517-әскери бөлімінің командасы үшінші орынға ие болды. Жүлдегерлер кубок, дипломдармен, медальдармен марапатталды.

Айта кетейік, 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасындағы Пшихвар шатқалында Қазақстан ішкі әскерінің 17 жауынгері ерлікпен қаза тапқан болатын. Атап айтқанда, Ержан Әбдиев, Ержан Байбағысов, Еркін Байғабылов, Қалмақан Бақбаев, Ербол Бекебаев, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомаддин Жұматов, Қанат Едырышов, Ербол Исабаев, Радик Қаймулдиев, Михаил Мартыненко, Еркебұлан Мақажанов, Анатолий Мешков, Дастан Нұрметов, Әлихан Өгізбаев, Тахир Рахымжанов сол қанды шайқаста көз жұмса, отыздан астам жауынгер жарақат алды. Қаза тапқандардың бәрі екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
null

Солардың бірі шыңғырлаулық сержант Радик Қаймулдиев еді. Қазіргі таңда Шыңғырлау ауданы орталығында Р.Қаймулдиевтің өзі тұрған көше оның есімімен аталады. Сондай-ақ, жуырда Шыңғырлау мектебі жанында ержүрек жауынгерге арналған ескерткіш тақта да орнатылды.

null