Оралда тоғыз қабатты жаңа үй пайдалануға берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Тәуелсіздік күніне орай тоғыз қабатты, 180 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа үйдің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес қабылданған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы өз жемісін беріп келеді.

Аталмыш бағдарлама мақсаты – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету.

«Бұдан бес-алты жыл бұрын бұл жер бос жатқан болатын. Міне, осы маңда көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімділігі сол, тұрғын үй құрылыс жинақ банкісіне қаржы салып, пәтер алғандар бес пайыздық жылдық мөлшерлемемен 15, 20, 25 жылға несие алады. Осы уақыт ішінде несиені жауып, пәтерді өз меншігінде қалдырады. Мысалы, 2 бөлмелі пәтер үшін иелері айына 60 мың теңге төлейді. Мұндай қаржыға адамдар нарықтық бағамен екі бөлмелі пәтер жалдап тұра алмайды. Екіншіден, тұрғындар үшін әр шаршы метр құны 140 мың теңгеден келеді. Мемлекет үшін бұл 215 мың теңгеге түседі. Мердігер мекемеге, инженерлік инфрақұрылым тартуға, аумақты абаттандыруға қаржы мемлекет есебінен жұмсалады. Бұл – тұрғындар үшін едәуір жеңілдік», деді өңір басшысы.


Ғ.Есқалиев тұрғын үйді салып бітірген «ТасқалаТрансГаз» ЖШС директоры Тілек Махметовке ризашылығын білдірді. Пәтер иелеріне кілт тапсырғаннан кейін облыс әкімі үйлерге кіріп, мереке күнгі қуаныштарына ортақтасты. Егер пәтердің кем-кетіктері болса, мердігер мекемеге хабарласуы керектігін жеткізді.

«Қаржы жинап, үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп жатырмын. Өзім вахталық әдіспен Теңіз кенішінде жұмыс істеймін, жарым, кішкентай балам бар. Ата-анам, іні-қарындасыммен бірге тұрамын. Несиені 12 жылға алдым, алты жылдан кейін бағасы жеңілдейді, айына 38 мың теңге төлейтін боламын. Қолжетімді, ризамыз. Осы ауданда мектеп, балабақша, спорт кешендері бар. Бәрі де қолайлы», деді ҚазАқпарат тілшісіне Елхан Лесқали.

Сол секілді қала тұрғыны Айгүл Еркештаева да «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында екі бөлмелі пәтерге ие болып, көп жылдан бері көздеген мақсаты орындалып жатырғанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 200-ге жуық отбасы баспаналы болғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар