Оралда төрт адамға құрметті азамат атағы берілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қалалық мәслихатының кезектен тыс 19-сессиясында өңірге еңбегі сіңген төрт адамға құрметті азамат атағы берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда төрт адамға құрметті азамат атағы берілді

Орал қаласы әкімінің ұсынысы негізінде қалалық мәслихат соғыс және еңбек ардагері Лидия Губанова мен Алевтина Митрохина, сондай-ақ Қатауолла Ашығалиев пен Бауыржан Тұмановқа «Орал қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылдады.

Ұлы Отан соғысына қатысқан Лидия Губанова ұзақ жыл мәдениет саласында еңбек етті. Соның ішінде Н.Крупская (қазіргі Ж.Молдағалиев) атындағы облыстық кітапханаға жетекшілік етіп, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды.

Майдангер Алевтина Митрохина соғыстан кейін Орал қаласында қалып, жергілікті медицина училищесінде дәріс берді. Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова мемориалдық музей-үйі жанындағы «Фронтовичка» клубының төрайымы.
null 

Жетпіс жастың биігіне көтеріліп отырған облыстық мәслихаттың депутаты Қатауолла Ашығалиевті жұртшылық шаруашылық басшысы ретінде жақсы біледі. Кезінде Орал қаласының басшысы болып та қызмет еткен ол 1995 жылы «Ақас» шаруа қожалығын ұйымдастырып, кейін мұны ірі агрохолдингке айналдырды.

Еңбек ардагері Бауыржан Тұманов өңірде басшылық қызметтер атқарды. Соның ішінде Сырым ауданына жетекшілік етіп, кейін БҚО әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болды.

Айта кетейік, Оралдағы жаңа алаңға Тұңғыш Президент, 5-шағынауданға Қадыр Мырза Әли, жөндеу зауыты ауданындағы шағын баққа Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюшылар атағын, сондай-ақ «Жұлдыз» шағынауданындағы 17, Деркөл ауылындағы 74 көшеге жаңа атаулар беру жөнінде шешім қабылданып, ол ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясына жолданатын болды.

Сонымен қатар қарауындағы үш бірдей қызметкердің пара алып, сотталуына байланысты Орал қалалық ішкі істер басқармасы Абай полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Дархан Сәтеновті қызметінен босатуға келісім берілді.
null