Оралда төрт бөлмелі үй өртеніп, көпбалалы отбасы баспанасыз қалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінде тұрғын үй отқа оранды.

Орал
Фото: БҚО ТЖД

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 20 тамыз күні сағат 12.35-те Жетісу көшесі 6-мекенжайда болды.

«Өрт сөндірушілер сағат 12.47-де жетті. Тұрғын үйдегі өрт аумағы 100 шаршы метрді қамтыды. Зардап шеккендер жоқ. «Тілсіз жау» сағат 13.02-де оқшауланып, 13.21-де ауыздықталды. Жалынды сөндіруге 13 адам, 4 техника жұмылдырылды», - деп хабарлады ведомстводан. 

Төрт бөлмелі үйі өртенген отбасы баспанасыз қалды.

«Жолдасым Ақназар Ғұмаров екеуміз төрт ұл тәрбиелеп отырмыз. Үлкені 16 жаста, екеуі – мектеп оқушысы, кішісі бір жарым жаста. 2020 жылы Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылынан көшіп келіп, қалаға орналасып едік. Күні бүгін туысымыз Мағжан Елтайұлының үйін паналаудамыз», - деді Kazinform тілшісіне Шынаргүл Жанұзақова. 

Аталған отбасының таныстары қазіргі кезде Каспиге Шынаргүлдің 8-705-802-96-33 нөмірі бойынша көмек қаржысы жиналып жатқанын жеткізді.

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Анар Бисенованың айтуынша, биылғы жеті айда облыс аумағында 348 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 3 адам қаза тапты. 6 адам жарақат алды. Өрттерден 461 млн 406,6 мың теңге материалдық шығын келтірілген.

«Өрттің шығуының негізгі себептері электр жабдықтарын пайдалануда қауіпсіздікті сақтамау (188 оқиға), отпен абай болмау (72), пешті қолдануда ереже бұзу (39), қасақана өртеу (18) және балалардың отпен ойнауы (5) болып отыр», - деді А.Бисенова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда өртенген үй ішінде құран жанбай қалғанын жазған едік.