Оралда төрт қабатты жаңа тұрғын үй бой көтерді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында Республика күніне орай 52 пәтерлі төрт қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғындарды ұлттық мерекемен құттықтап, жаңа пәтер кілттерін тапсырған Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың атап өткеніндей, шаһарда апатты және тозығы жеткен үйлердің орнына өткен жылы қабылданған реновация бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлер салынуда.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта 145 пәтерді құрайтын 28 апатты үй бұзылып, солардың орнына 12 жаңа үй бой көтеруде.

«С.Есқалиев көшесі 149-мекенжайында салынғанына бір ғасыр болған ескі, жартылай қираған үйдің орнында қазіргі заманғы ғимарат салынып бітті. Мұндағы 52 пәтерлі үйдің 12-сі баспаналары апатты деп танылған отбасыларға беріліп отыр», деді М.Сатқанов.

Жаңа пәтер иелері Қанат Алдоңғалиұлы, Елена Губенкова мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа риза екендіктерін айтып, құрылысты салған «Даму Жол Орал» ЖШС-ға ризашылықтарын білдірді.

Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, 2021-2025 жылдарға арналған реновация бағдарламасына сәйкес инвестор компаниялармен 22 меморандум жасалған. Күні бүгін Оралда тозығы жеткен үйлер қоры 30 пайызды құрайды. Атап айтқанда, 52 апатты және тозығы жеткен 353-тен астам үй бар. Міне, солардың орнына жаңа үйлер салу жұмысы жалғасатын болады.


Соңғы жаңалықтар