Оралда төрт жасар баланы ұрламақ болған тұрғын алты жылға сотталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында төрт жасар баланы ұрламақ болған тұрғын алты жылға сотталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, өткен жылы 21 қараша күні В.Колесников 2013 жылғы А-ны көтеріп алып, көшемен қаша жөнелген. Алайда А-ның анасының артынан қалмай, көмек сұрап, қуып келе жатқанын көрген ол баланы тастап, оқиға орнынан бой тасалаған.
Бұл іс келісу өндірісінде қаралды.
Орал қалалық сотының үкімімен В.Колесников ҚР ҚК 125-бабы 2-бөлігі 5-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, ҚР ҚК 55-бабы 6-бөлігі қолданыла отырып, ол алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орта қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
БҚО сотының апелляциялық сот алқасының қаулысымен сот үкімі өзгертусіз, В.Колесниковтің шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.