Оралда түнгі клубқа келушілерге қол жұмсаған 17 күзет қызметкері ұсталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда түнгі клубтардың бірінде күзет қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері анықталып, жолы кесілді.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, күзетшілер келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына, керісінше қатыгездік танытып, күш қолданған.
Арнайы операция барысында күдікті топ мүшелері тек Оралда ғана емес, сондай-ақ Алматы және Ақтау қалаларында да ұсталды. Барлығы — Батыс Қазақстан облысының тумалары. Олардың төртеуі бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жалпы, ішкі істер органдарына 17 адам жеткізілді, соның ішінде 8 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жедел іздестіру іс-шараларын Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы арнайы бөлімшелердің қолдауымен жүргізген.
Тергеу барысында анықталғанындай, күзетшілер келушілерге жүйелі түрде және негізсіз күш қолданған, соның салдарынан жәбірленушілерге түрлі дене жарақаттары, соның ішінде ауыр зиян келтірілген. Көп жағдайда жәбірленушілер құқық қорғау органдарына шағымданудан қорқып, үнсіз қалған. Оған себеп — күдіктілер тарапынан қысым мен қудалау қаупі болуы мүмкін.
— Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты екі немесе одан да көп адамға қасақана ауыр дене жарақатын келтіру және топпен жасалған бұзақылық бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тінту кезінде 7 радиостанция (соның ішінде біреуі — полиция қызметкерлеріне арналған байланыс құралы), пышақтар, бұрышты газ баллоны, бейсбол таяғы, жақын шетелдерге тиесілі болуы мүмкін 10-ға жуық көліктің нөмірлік белгісі тәркіленді, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жүк көлігі пойызбен соқтығысып, жүргізуші мерт болғанын жазған едік.