Оралда тұрғындар тұрмыстық қалдықтардың шығарылмай жатқанын айтып шағымданды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында тұрмыстық қатты қалдықтардың шаһардан бірнеше күн бойы шығарылмай жатқаны жөнінде бейнежазба жарияланды.

Оралда тұрғындар тұрмыстық қалдықтардың шығарылмай жатқанын айтып шағымданды
Фото: Орал тұрғындарынан

Instagram әлеуметтік желісінен мәлім болғанындай, қоқыстар контейнерлерден асып-төгіліп жатыр. 

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Циолковский көшесі 6/1-мекенжайында қалдықтар бірнеше күннен бері шығарылмаған. Бүкіл қоқыс жерде жатыр, барлық аулаға жайылған. Жақын жерде мектеп те орналасқан. 31-мектеп ауданында, Зачаган кентінде де дәл сондай жағдай. 
Осы мәселеге байланысты Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.

Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, 15 маусымда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында талон негізінде тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауды жүзеге асыратын бірқатар ұйым мен кәсіпорындар үшін қалдықтарды қабылдауға уақытша шектеулер енгізілді.

Аталған шаралар полигон жұмысында пайдаланылатын арнайы техниканың істен шығуына және оны жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне байланысты қабылданды. Шектеулер уақытша сипатта болды және нысанның үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында енгізілді.

— Қазір арнайы техниканы жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталды. 16 маусым күнгі сағат 16.00-дегі мәлімет бойынша полигон штаттық режимде жұмыс істеп тұр, қалдықтарды қабылдау ешқандай шектеусіз жүзеге асырылуда. «Орал Таза Сервис» ЖШС қала аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды күнделікті шығару жұмыстарын жалғастырып жатыр, — деп хабарлады қала әкімдігінен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда орталық саябақтағы жағажайдың жабылып қалғаны туралы ақпарат тарады.