Оралда тұрғындар үйлерге жылудың берілмей отырғанын айтып шағымданды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында тұрғын үйлерге жылудың берілмей отырғаны, пәтерлердің салқын екендігі туралы Instagram әлеуметтік желісінде ақпараттар жарияланды.
Тұрғындардың мәлімдеуінше, 4-шағынауданда «Уют» ПИК қызмет ететін тоғыз қабатты үйлерге жылу әлі қосылмаған.
- «Жайықжылуқуат» АҚ мекемесіне хабарлассақ, олар «Уют» ПИК тарапынан дайындық құжаты жасалмаған дейді. Ал ПИК тұрғындарға бұл жөнінде айтпайды, жылудың тек апта соңында берілетінін жеткізді. Шұғыл шара алынуын сұраймыз, пәтерлер салқын, - дейді тұрғындар.
Сол секілді Неусыпов көшесі 51/1, 51/2, 51/3-үй тұрғындары «Светлана» ПИК-тің қызметіне шағымданды. Қалада жылу үйлерге 1 қазаннан бастап берілсе де, мұнда әлі қосылмаған.
Балалар ауырып жатыр. Тұрғындар электр жылытқыш қосуға мәжбүр. Жоқтары тоңып отыр.
Осыған орай Kazinform тілшісі мәселені анықтау үшін Орал қаласы әкімдігіне хабарласқан еді.
Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, «Жайықжылуқуат» АҚ тарапынан аталған тұрғын үйлерге дейін жылу беру толық қамтамасыз етілген. Жылу желісіндегі параметрлер қалыпты жағдайда, жылу үйге дейін жеткізілген.
- Ал тұрғын үйдің ішкі жылу жүйесін іске қосу және реттеу жұмыстары үйді басқарушы органның құзыретіне жатады. Осыған байланысты ПИК, МИБ (меншік иелері бірлестігі) және өзге де басқарушы органдар тұрғын үйдің ішкі жүйесін қосып, жылу беруді реттеуі қажет.
Аталған мәселе бойынша тиісті ПИК және МИБ-ларға ескерту беріліп, тұрғын үйдің ішкі жылу жүйесін уақытылы іске қосу және реттеу бойынша жұмыстарды жүргізу тапсырылды, - делінген ресми жауапта.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында тұрғын үйлерге жылу беріле бастағанын жазған едік.