Оралда тұрғын үй өртеніп, бір адам ауруханаға жеткізілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда тұрғын үй өртеніп, күйік шалған бір адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мереке Жұмағалиевтің айтуынша, оқиға 16 қараша күні қалаға қарасты Деркөл ауылында болды.
Сағат 14.26-да Б.Майлин көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйде (аумағы 100 шаршы метр) өрт шыққаны жөнінде хабар түскен. Алдымен 5 литр газ баллоны жарылып, соңы өртке ұласқан. Тұрғын үйдің 50 шаршы метр қабырғасы мен төбесі жанып, опырылып құлаған.
Оқиға орнынан күйік шалған 41 жастағы әйел қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
«Тілсіз жау» сағат 15.24-те оқшауланып, 16.15-те толық сөндірілді.
«Тұрғындарға қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды естен шығаруға болмайды. Әсіресе, үйдегі газ құрылғыларын, тұрмыстық заттарды, электр сымдары мен розеткаларды тексеріп, қосулы тұрған электр құралдары мен жылытқыштарын, пешті бақылаусыз қалдырмау керек», - деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Жұмағалиев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, екінші дәрежелі күйік жарақатын алған әйел аталған аурухананың травматология бөлімшесіне жатқызылды. Денесін 36-38 пайыз күйік шалған оның жағдайы ауыр.

