Оралда тұрғындарды көшіру үшін 27 эвакуациялық қосын әзірленді

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында су басу қаупі туындаған кезде адамдарды көшіретін 27 эвакуациялық қосын әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткендей, қосындар керек болған жағдайда мектептер мен мәдениет ошақтарында орналасатын болады.

Оның айтуынша, қала аумағы арқылы Жайық, Шаған және Деркөл өзендері өтеді.

Оралда барлығы 160 бау-бақша серіктестігі болса, соның 75-і өзендер жайылмаларында, яғни су басу қаупі бар аумақта орналасқан.

Осы саяжайларда 16 мыңдай адам тұрады.

Тұрғындарды көшіру үшін жолаушы тасымалдайтын 6 кәсіпорынмен, 5 қонақүймен және тамақ жеткізу үшін 4 мекемемен алдын ала келісім жасалды.

«Қалада су тасқынының алдын алу жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, «Сарытау» шағынауданындағы таудан төмен қарай ағатын арықтың арнасы тереңдетілсе, басқалары шөп-шаламнан тазартылды. Жаңадан техникалар сатып алынып, қаладан 850 мыңнан астам текше метр қар шығарылды», -деді М.Мүлкәй.

Орал қаласы ТЖ басқармасының бастығы Амангелді Ешмұханов жағдай бақылауда болғанымен, Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінде су деңгейі біртіндеп көтеріліп келе жатқанын жеткізді.

Егер Ресей аумағындағы қар күрт ерісе, су көп келуі мүмкін.

«Су басу қаупі бар саяжайларда тұратын тұрғындар күні бұрын құжаттары мен керек заттарын жинақтап, көшуге дайын отыруы керек. Егер малы болса, қауіпсіз жерге апару қажет», деді А.Ешмұханов.

Бүгін, 5 сәуір күні Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков пен ҚР ТЖ вице-министрі Марат Күлдіков шаһар маңын аралап шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның Тасқала ауылында тасқын су басу қаупі сақталып отырғанын, Жәнібек ауданында төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар