Оралда түтін шыққан мектептен 25 адам шығарылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін түскі сағат 13.51 шамасында дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернаты кешеніне өрт сөндірушілер шақырылған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, электр қалқанынан түтін шыққан. Оқиға орнына 15 техника, 52 адам жеткен. Барлығы 25 адам мектептен шығарылған, олардың 19-ы - оқушылар, алтауы - мұғалімдер.
Зардап шеккендер жоқ.
Аталмыш мектеп директорының орынбасары Ақжан Бисенғалиеваның айтуынша, балалар түске дейін оқып шықты. «Осы оқиғаға байланысты электр қуаты болмап еді. Соған орай түсқайта бастауыш сыныптың балаларын таратып жатыр едік. Жарық қайта қосылды», деді ол.