Оралда Ұлттық ұлан үздіктері марапатталды
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, меймандар әскери техниканың жаңа түрлерімен танысты. Сондай-ақ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының музейінде болды.
Сап түзеген жеке құрам алдында сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов мемлекет тарапынан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қамқорлық және Қазақстан Қарулы Күштеріне жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада өткен Қарулы Күштердің 25 жылдығына арналған тарихи парадта жерінің қауіпсіздігін, елінің тыныштығын қорғау әр азаматтың қасиетті парызы, абыройлы міндеті екендігін, мұны Тәуелсіз Қазақстан әскері қалтқысыз орындап келе жатқанын атап өтті.
Салтанатты жиында қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз міндетін мүлтіксіз атқарып жүрген бір топ әскери қызметкерлерге І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдары, алғысхаттар, басқа да марапаттар табыс етілді.
Салтанатты шеруден кейін қол күресінен әскери жаттығулар, кинолог мамандар мен қызметтік иттердің қатысуымен түрлі көріністер көрсетілді. Мерекелік шара Жастар мәдениет үйінің әртістері қойған концертке ұласты.