Оралда Ұлы Отан соғысы туралы кітаптың таныстырылымы болды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында БҚО әкімдігінің қолдауымен Алматыдағы «Золотая книга» баспасынан жарық көрген «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында. Батыс Қазақстан облысы» атты жаңа кітаптың таныстырылымы болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Шараға қатысқан БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың атап өткеніндей, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жылдан астам уақыт болса да, қиян-кескі шайқастардағы аға буынның ерлігін, тылда қалғандардың қажырлы еңбегін кейінгі ұрпақ еш уақытта ұмытпақ емес. Қазақстан халқына орасан зор зардап әкелген соғыста жеңіске жетуге қазақстандықтар өлшеусіз үлес қосты. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан батырлар аз болған жоқ. Талайы қан майданда қаза тапты. Оның үстіне Сталинград майданы тиіп тұрғандықтан, Жәнібек пен Орда (қазіргі Бөкей ордасы) аудандары соғыс жағдайында деп жарияланса, Оралға қорғаныс кәсіпорындары көшірілді, әскери госпитальдар орналасты.
Аталмыш кітапта сол қанқұйлы соғысқа қатысқандар жөнінде барынша кеңінен сыр шертіледі. Облыстан шыққан Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ орденінің толық иегерлері жөнінде жеке тараулар берілген. Тың деректер де баршылық.
«Бұл кітап өткенді ұмытпау үшін керек. Қазір біздің қатарымыз селдіреді. Соғысты көзбен көргендер күн санап азайып барады. Сондықтан Отанын қорғағандар жөнінде жастарға үнемі айтып отырамыз», деді 92 жастағы майдангер Вениамин Сколенко.
Айта кетейік, 500 дана таралыммен шыққан кітап облыстағы әр кітапханаға берілмек.