Оралда үш медициналық мекеме сенімгерлік басқаруға берілмек
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда үш медициналық мекеме сенімгерлік басқаруға берілмек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалындағы брифинг кезінде БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғали мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту бағытында биыл Орал қаласындағы №4 және 7 емханалар мен облыстық диагностикалық орталықты сенімгерлік басқаруға беру көзделуде. Сенімгерлік басқаруға алу үшін әр кәсіпкер байқауға қатысып, бағын сынап көре алады.
Нұрданат Беркінғали брифинг барысында биылғы 1 шілдеден бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) артықшылықтары жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған МӘМС - халықтың осы саладағы мүдделерін әлеуметтік тұрғыда қорғайтын, уақтылы, қолжетімді, сапалы медициналық және дәрілік көмекпен қамтамасыз ететін жүйе. МӘМС үздік халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мемлекет, жұмыс беруші мен әрбір азаматтың бірлескен міндеттемелерін негізге ала отырып, бекітілген. Бұл тұрғыда мемлекет халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары үшін, жұмыс берушілер жұмыскерлері үшін, ал жұмыскерлер мен өз-өзіне жұмыс істейтіндер өзі үшін жарна төлейді.
Айта кетейік, Қазақстан азаматтары мен сақтандырылған адамдар 2018 жылдың 1 қаңтарынан медициналық көмекті МӘМС аясында алады.