Оралда үшем анасымен бірге перзентханадан шықты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бүгін үшем анасымен бірге облыстық перинаталдық орталықтан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, үшем осыдан бір ай бұрын дүниеге келген еді.
Көп ұрықты жүктілікке сәйкес сәбилердің салмағы аз болды. Сондықтан анасы, отбасылық үлгідегі балалар ауылының әдіскері Дина Хамзина мен оның қыздары осы мерзім бойы дәрігерлердің қатаң бақылауында болды.
Нәрестелерге Көзайым, Жанайым және Бегайым деген есім берілді.
Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Қанат Ғұпранов пен Дина Хамзинаның отбасында бұдан бұрын да төрт баласы (үш қыз, бір ұлы) бар екен.
«Менің қуанышымда шек жоқ. Қыздарымды бүгін ғана көрдім. Біздің өзіміздің жеке үлкен үйіміз бар. Орын барлығымызға да жетеді», деді Қанат Сағындықұлы.
Көпбалалы ата-ананы құттықтауға БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали келді. Ол сәбилерге мықты денсаулық, ал анасына шыдамдылық пен күш-жігер тіледі, бала күтіміне №6 емхананың әлеуметтік қызметкері көмектесетінін жеткізді. Сонымен қатар көпбалалы отбасыға материалдық көмек көрсетілетін болады.
Айта кетейік, бұл - өңірде 2016 жылдан бері өмірге келген бірінші үшем. Жыл басынан бері облыстық перинаталдық орталықта 30-дан астам егіз бала көрінсе, жалпы облыс бойынша биылғы төрт айда 3 мыңнан астам бала жарық дүниенің есігін ашты.