Оралда үй өртеніп, жүкті әйел мен бала ауруханаға түсті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында жер үйде өрт болып, екі адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанованың айтуынша, сағат 04.39-да С.Сейфуллин көшесі №33/1 мекенжайында жеке үйдің ас бөлмесінде жиһаз бен жеке заттар жанғаны жөнінде хабар түскен.
Дәл осы уақытта жедел жәрдем қызметіне де қоңырау шалынған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, жедел жәрдемге хабар сағат 04.39-да түскен. 04.42-де бригаданың екі тобы оқиға орнына жеткен. 1992 жылғы жүкті әйел қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. 2013 жылғы қыз облыстық көпбейінді балалар ауруханасына түсті. Газбен жеңіл дәрежеде уланған 1997 жылғы әйел адам ауруханаға жатудан бас тартты.
Өрт 12 шаршы метр аумақты шарпыды. Тілсіз жау 05.06-да оқшауланып, 05.45-те ауыздықталды.
Алдын ала болжам бойынша, от электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаудан шыққан.
Оқиға орнына БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінен 8 қызметкер мен 3 техника және қалалық ішкі істер басқармасынан тергеу тобы (3 қызметкер, 1 техника) барды.