Оралда ұйғыр халқының мәдениет күні аталып өтілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Достық үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Этностар күні» жобасы аясында ұйғыр халқының мәдениет күні аталып өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұйғыр этномәдени бірлестігі әзірлеген мерекелік шара барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдары ішіндегі табыстары, Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясының басты мақсаты ел бірлігі мен тыныштығын сақтау екендігі айтылды.
БҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары Жамал Ихсанова, ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы, ҚХА мүшесі Әсиям Үсенова жиналған жұртшылықты тәуелсіздік мейрамымен құттықтап, ыстық ықылас, жылы лебіздерін білдірді. «Батыс Қазақстан облысында тоқсаннан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатса, соның бірі біздерміз. Санымыз көп болмаса да, өз тілімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді ұмытпай, дамытуға бар күш-жігерімізді салып келеміз. Бұған Достық үйінде барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі - тұңғыш Президентіміздің түрлі ұлт өкілдеріне деген қамқорлығының арқасы», деді Ә.Үсенова.
Шара кезінде көне түркі халықтарының бірінен саналатын ұйғырлардың тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері туралы бейнекөрініс көрсетіліп, ән-билеріне кезек берілді. Келушілер сондай-ақ ұйғыр халқының ұлттық тағамдарынан дәм татып, қолөнер көрмесін тамашалады.
Айта кетейік, «Этностар күні» жобасын Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы облыс әкімдігінің қолдауымен биыл екінші рет ұйымдастырып отыр. Ұйғыр этномәдени бірлестігі 2002 жылы құрылған болатын. Оған бастапқыда өңірге танымал азамат, марқұм Нұрахмет Мәсімов жетекшілік етті.