Оралда «Үздік дәрігерге дейінгі кабинет» байқауының жеңімпаздары анықталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыстық окнологиялық диспансерде «Үздік дәрігерге дейінгі кабинет» байқауының жеңімпаз-жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аталған байқау дәрігерге дейінгі кабинеттерде сапалы медициналық қызмет көрсетушілерді ынталандыру, қазіргі заманғы талаптарға толық сай келетін медбикелерді даярлауға назар аудару, олардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Мұндай кабинетте орта буын медицина қызметкері жұмыс жасайтыны белгілі. Облыстық онкологиялық диспансер басшысының орынбасары Нұрлан Төлемісовтің айтуынша, медбике алғашқы қан талдауларына қарап-ақ ауру белгілерін дәл ажырата білуі тиіс. Соның ішінде қатерлі ісік аурулары неғұрлым ерте анықталса, емдеу соғұрлым нәтижелі болмақ.
Сайысқа қатысушылар алдымен өздерін таныстырып, содан кейін нақты іс үстінде сынға түсті. Байқау қорытындысында «Медицина орталығы» ЖШС медбикесі Ақбота Хамидуллина бірінші, №4 қалалық емханадан келген Нелля Ургарчева екінші, №5 қалалық емханадан Алтынгүл Қалиева үшінші орынды иеленді.